«ЕШКІӨЛМЕС» ПЕТРОГЛИФТЕР КЕШЕНІ

5/5

«Ешкіөлмес» петроглифтері – Жетісу облысы Талдықорған қаласынан 14 км жерде, Ескелді ауданы аумағындағы археологиялық кешен. Бұл кешен Жетісуда бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі малшылардың жартастағы суреттер галереясы.

Ескерткіш Жоңғар Алатауы жүйесіндегі аласа тау (800-1300 метр) Ешкіөлмес жотасына байланысты аталған. Көксу өзенінің оң жағасындағы орналасқан Ешкіөлмес тау жотасы әсем табиғатымен көз тартады. Ешкіөлмес жотасы  мен  Көксу өзенінің оң жағасындағы шағын алқапта қола дәуірінен қалған көптеген археологиялық ескерткіштер сақталған. Археологтар Талапты және Құйған деп аталатын қола дәуірінің ежелгі қоныстарын зерттеді және түрлі дәуірге тән көне қорымдар мен сан алуан петроглифтерді тапты. Көне суреттер 24 шатқалдан табылып, олардың саны 10 мыңнан асатыны анықталды, және әлі де зерттелу үстінде. Олардың саны ғана емес, бай мағынасы мен шағын суреттердің нәзіктікпен салыну стилі, тіпті өлшемінің 2 см-ден аспауы да қызықтыруда. Сақтардың өнері, түріктер мен этнографиялық уақытқа сай келетін ерте қола дәуірі мен кейінгі қола дәуірінің тасқа салынған бейнелері кездеседі.

Ешкіөлмес – петроглифтер көп шоғырланған, Қазақстандағы аумағы жағынан ең үлкен кешен. Ең көп зерттелген аймақтары – Құйған мен Талапты.