Талдықорған орталық бассейні

5/5

Спорт нысанының құрылысы 2019 жылдың наурыз айында басталды. 2021 жылдың 6 шілдесінде 570 орындық олимпиадалық типтегі орталық жүзу бассейні ашылды.

Аймақтағы алғашқы 50 метрлік олимпиадалық бассейн мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясында салынды. Жаңа нысан барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, сондықтан мұнда ең жоғары деңгейдегі жарыстар өткізіле алады.

Жүзу бассейні қазіргі заманға сай салынған Орталық Азияда теңдесі жоқ бассейн. Негізгі ерекшелігі – ол олимпиадалық стандарттарға сәйкес келеді. Тағы бір ерекшелігі — сыртқы архитектуралық көрінісі теңіз түбінде жүзіп жүрген үлкен балықтың сұлбасын еске түсіреді.  Онда үш бассейн бар, олардың ең үлкенінің ұзындығы 52 метр, ені 25 метр. Осындай ауқымды және маңызды нысанды іске қосу бүкіл облыстың визиттік карточкасына айналды.

Мұнда жүзудің барлық түрлерін, су полосын, суға секіруді, су аэробикасын үйренуге болады. Бассейн әр түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарды жыл бойы өткізуге, сонымен қатар,  қала тұрғындарының сауықтыру мақсатында жүзуі мен балаларды жүзуге үйретуге бағытталған.  Мобильділігі төмен санаттағы азаматтар үшін де жағдайлар жасалған.

Бассейннің айналасында демалуға және серуендеуге арналған шағын аллея мен парк бар.