І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

5/5

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 1972 жылдың қазан айында Талдықорған педагогикалық институты болып құрылды. 1973 жылы 2 факультетте — филология және физика-математика факультетінде 225 студент, 5 кафедра,25 оқытушы жұмыс істеді. 1977 жылы институтқа Ілияс Жансүгіров есімі берілді. 1994 жылы жоғарғы оқу орны Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті болып қайта құрылды. Сол жылы, ақынның 100 жылдығына орай, университет алдында, диаметрі 8-9 метр табиғи тастарға Жансүгіровке ескерткіш орнатылды, жоба авторы Досмағамбетов. 1999 жылдан бастап оқу орны Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып өзгертілді. Келесі мамандықтар бойынша аспирантура ашылды:  дифференциалдық теңдеулер, жалпы педагогика, қазақ әдебиеті, оқыту мен тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі, деформацияланатын дене механикасы мамандықтары. Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құрамында 3 жайлы ғимаратта орналасқан 7 факультет бар: физика-математика, жаратылыстану-техникалық, педагогика және психология, қаржы-экономикалық, гуманитарлық, заң, мәдениет және өнер, онда 40 мамандық бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде 7000-нан астам студент оқиды. 25 кафедрада 350-ден астам оқытушы, оның ішінде академик және ҚР салалық ғылым академиялары мен халықаралық академиялардың корреспондент-мүшелері, ғылым докторы, профессор мен доцент, ғылым кандидаты мен магистрлар адал еңбек етеді. 2022 жылдан бастап Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті болды.