“Сүйінбай Аронұлы” Ескерткіші

5/5

Талдықорған қаласында жаңа спорт сарайының алдында қазақтың айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлына арналған ескерткіш орнатылған. Биіктігі 10 метрді шамалайтын монумент таза қоладан құйылған, оның авторлары – танымал сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Азмағамбетов. Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы дүниеге келген, қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. 1898 жылы осы өңірде жерлеген. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп Дәулескер қобызшы болған.

Оның Майлықожамен, Тезек Төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы.  Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға атырып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған. Оның Сұраншы, Саурық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра.