“Иман” Орталық Мешіті
«Иман» мешіті
Талдықорған орталық «Иман» мешітін салу жөніндегі бастама 2007 жылы сәуір айында, сол кездегі облыс басшысы Серік Әбікенұлы Үмбетовтің бастамасымен, қазіргі мешіт тұрған орынға құрбандық шалынып, Құран оқылғаннан кейін қазық қағылумен көтерілген болатын.
Мешітке арналған жер учаскесі, елге сыйлы Мырзабек Дүйсенбінов ағамыздың жекеменшігіндегі жер, мешіт салуға тегін берілді. Мешіттің барлық құрылысының қаржылық жұмысын жүргізуге «Ұран» қоғамдық қоры құрылып, мешіттің жобасын жасауға тапсырыс берген. Құрылысқа облыс және қала тұрғындары, оның ішінде ұлтына, нәсіліне, тіпті діни ұстанымына қарамастан барлық тұрғындар белсене атсалысты. Халықтың осындай ықыласының арқасында «Иман» мешітінің құрылысы 2014 жылы аяқталып, сол жылы қараша айында қасиетті Құрбан айт мерекесінде салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
«Иман» мешіті үш қабатты. Төменгі қабатында кітапхана, гардероб, дәрігер бөлмесі; екінші қабатта ер кісілердің намаз залы, әйелдердің намаз залы, неке залы, мешіт имамдары және Құран оқылатын бөлме бар; екінші қабатта медресе дәрісханалары, компьютер бөлмесі орналасқан. Намаз залдарына 1 180 шаршы метр кілем төселген. Олар Түркиядан әкелінген. Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі 40, ені 20, ішкі кеңістігі 500 шаршы метрді құрайды. Күмбез биіктігінің 40 метр болуы Мұхаммед пайғамбарымызға 40 жасында пайғамбарлық берілген дегенді білдіреді. Мешіттің екі мұнарасы бар. Әрбір мұнараның биіктігі 63 метрден. Бұл пайғамбарымыздың дүниеден өткен жасын білдіреді.
Мешіт михрабында және күмбездің ішкі бөлігінде алтын мозайкамен көркемделген Құран аяттары өрнектелген. Мозайкалар Италияда дайындалған.
Мешіттің іші-сырты, едендері, баспалдақтары түрлі-түсті мәрмармен, сұрғылт гранитпен қапталған. Мешіт алдында су бұрқағы және гүлзарлы алаң, түнде айналаны сәулелендіретін прожекторлар мен шамшырақтар қойылған
Мешітте жұма және айт намаздары кезінде 2 500-ге жуық, ал жазда 10 000 адам құлшылық жасай алады.