“Нұр” Мешіті

5/5

«Нұр» мешіті Жетісу облысы Талдықорған қаласының орталығында орналасқан. Мешітті Біріккен Араб Әмірлігінің азаматшасы Фахра ханым өз қаржысына, Қазақстандағы Әбу Даби қоры арқылы 1998 жылы салдырды. Талдықорған қаласында экономикалық дағдарысты басынан кешіріп жатқан кездері салынғандықтан оған алланың нұры жаусын деп «НҰР» деген ат қойылған, «Нұр» мешіті Талдықорғанға архитектуралық әсемдігімен де көрік беріп тұр.  Мешіт 250 адамға есептелінген, ұзындығы мен ені 12*8 метр, мешіттің биіктігі 11*9 метр, мешіттің күмбезінің диаметрі 10*3 метр. Мешіттің төрт бұрышында төрт кіші күмбездер орналасқан, олардың биіктігі 6м 900 см, ені 12 м 800 см.

Мешіт екі қабатты. Жоғарғы қабатта, намаз оқитын залында Бақара сүресінің (254, 255) құран аяттары әсемделіп, өрнектеліп жазылған және мешіттің бұрышында орналасқан минбар сапалы ағаштан ойылып, өрнектелген. Оң жақ қабырғасында бес уақыт намаздың сағаттары белгіленіп тұратын тақтайшасы орналасқан, дыбыс күшейткіші ілінген және төрт бұрышында өрт қауіпсіздігіне арналған ауа желдеткіш бар.

Мешіттің төменгі қабатында ерлер мен әйелдер намаз оқитын бөлмелері, сауат ашу курсының бөлмесі мен қасиетті құран оқитын бөлме орналасқан. Имам отыратын бөлме де төменгі қабатта, бөлмеде қазіргі заманға сай телефон, факс, компьютер, стол, орындықтармен жабдықталған. Сонымен қатар төменгі қабатта күзетшілердің жататын бөлмелері де бар.

2005-2006 жылдары Мешіт күрделі толық жөндеу  жүргізіліп, мешіт қабырғалары ақ жылтырақ кафельдермен безендірілген. Жылу жүйесіне  арнайы автоматты қондырғы қойылған. Мешіттің айналасы асфальтталып, оюмен өрнектелген, темір қоршаумен қоршалған. Түнде жарық беретін төрт сәуле бергіш жарық шамдар да орнатылған, мешіттің есік, терезелерін қазіргі заманға сай пластикке ауыстырылды.

Мешіттің мұнарасы жоқ, мешіт ауласы толық қоршалған, ауласы көгалдандырылған тал, терек, шырша, алма ағашы отырғызылып гүл егілген. Мешіттің жанында жаңадан салынған ер мен әйелдерге арналған ыстық, суық суы, қазіргі заманға сай жабдықталған дәретханасы бар. Бес уақыт азан шақыруға қолданылатын дыбыс күшейткіш құралдарымен де  жабдықталған.

Мешіттің кіре беріс ауласында газет, журналға немесе әртүрлі мақала жариялайтын лозунг яғни тақтайшасы орнатылған.