ЖОҢҒАР – АЛАТАУЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ – ЖАСЫЛКӨЛ

5/5

«Жоңғар-Алатауы» ұлттық паркінің визиттік карточкасы болып саналатын, теңіз деңгейінен 1630 метр биіктікте орналасқан биік таулы және әдемі көл – Жасылкөл. Алакөл ауданы Лепсі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15км жерде орналасқан. Жер сілкінісі кезінде Ағынықатты өзенінің арнасы тау тастарымен бөгеліп, өте көркем және үлкен көл пайда болды. Көктемгі-жазғы кезеңде көлдің суы лайлы, өйткені көлді қоректендіретін бұлақтар Жоңғар Алатауы мұздықтарынан бастау алады. Мұздықтардың еруі тоқтағаннан кейін су мөлдір көк түске енеді. Судың температурасы жазда да 10 C-тан жоғары көтерілмейді.

Айта кетерлік жайт, Жасылкөл көлінің ауданы – маралдардың үлкен популяциясының мекендейтін орны. Маршрут субальпілік шалғындар арқылы өтеді, мұндағы саяхат – бұл тың табиғаттың құшағына барып, сиқырлы көріністерді тамашалауға тамаша мүмкіндік.

Картадан маршрутты қараңыз

Талдықорған қаласынан Лепсі ауылына дейін 330 шақырымды құрайды. Ол жерге жеңіл машинамен жетуге болады. Ары қарай Лепсі ауылынан жеңіл көлікпен Жалаңаш кордонына дейін 13 шақырымды құрайтын тас жолмен жүресіз. Кордоннан омарта шаруашылығына дейін 7 шақырымды жол талғамайтын көліктермен ғана өте аласыз. Омарта шаруашылығынан ары қарай 3-4 шақырымды жаяу немесе атпен жүріп Жасылкөл көліне жете аласыз. Аса төзімділікті қажет ететін маршрут.

Ұлттық парк аумағына кіру ақылы: көлікке және әр адамға төлем қабылдау Лепсі ауылында орналасқан «Жонғар-Алатауы» МҰТП бөлімшесінде жүзеге асырылады. Көлге дейін сізді ұлттық парк қызметкері ертіп алып барады.

Ұлттық парк маршруты, адам аяғы баспаған жерлермен өтеді, өзіңізбен бірге палатка алып немесе парк кордонының бірінде орналассаңыз болады. Сол себепті, азық-түлікті елді-мекеннен алдын ала алғаныңыз дұрыс. Палатканы өзіңізбен бірге немесе парктен жалға алуға болады. Сонымен қатар, Лепсі ауылында орналасқан демалыс үйлерінде түнесеңіз болады.