«Ілияс Жансүгіров» ескерткіші
«Ілияс Жансүгіров» ескерткішінің мүсіншісі – Т. Досмағамбетов, сәулетшісі – Т. Ералиев, В. Сидоров. Ескерткіш екі үлкен тастың үстіне қойылған. Тастың үстінде І.Жансүгіров аяғын айқастыра, бір қолын тізесіне қойып отыр. Ескерткіштің оң жағында тасқа І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасынан көрініс бейнеленген. Қабырғасында шығармаларының кейіпкерлері сыр шерткендей ой салады.
Ілияс Жансүгіров (1894-1938) – ақын, қазақ әдебиетінің классигі. Халықтың бай фольклорын жинап, басылып кітап болып шығуына үлкен үлес қосты. Әдеби көркем сын жанрының дамуына ат салысты. Мектеп оқулықтарын құрастыруға қатысты. Орыс классиктері А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Н. А.Некрасов, А. М. Горький шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Құлагер» сияқты классикалық шығарма тудырды.