“Нұрмолда Алдабергенов” Ескерткіші

5/5

Ескерткіш Нұрмолда Алдабергенов жерленген жерге 1973 жылы орнатылған. Мүсіншісі – Хакімжан Наурызбаев, сәулетшісі – Шота Валиханов. Мұқры ауылына кіре берісте Алматы-Өскемен тас жолы бойынан 300 м қашықтықта орналасқан. Ескерткішті салуға 1973 жылы Облыстық күрделі құрылыс басқармасы, Талдықорған облыстық Кеңесінің атқару комитеті тапсырыс берген.        Ескерткіштің орналасқан аймағы 400 шаршы метр. Ескерткіштің сырты өрнекті қоршаумен қоршалып, қарағай, шырша ағаштары отырғызылған. Түнгі электр жарығы орнатылған. Ескерткішке көтерілуге баспалдақ салынған, төңірегі көгалдандырылған жалпы көлемі- 1 гектар, гүл алаңдарында раушан гүлдері мен әр түрлі гүлдер егілген. Қорғанның үстіне орнатылған ескерткіш жасыл мәрмәрдан жасалған, биіктігі 12 метр, ені- 1метр. Екі стелланың ортасында декоративті шойыннан құйылған қоршау бар. Қоршаудың алдында Нұрмолда Алдабергеновтың гранит тастан қашалған бюсті орналасқан. Бюсттің биіктігі-1метр, тұғыры-2,5метрді құрайды. Мәрмәр стелланың біреуінде марқұмның аты-жөні, туған және қайтыс болған жылдары жазылған. Екінші стеллада екі алтын жұлдыз ордені бейнеленген.

Нұрмолда Алдабергенов (1906-1967) — Қазақстандағы колхоз қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек ері атағына ие болған. Егіншілікте және мал шаруашылығында жаңа әдістерді батыл енгізді. Ол Социалистік Еңбек батырлары мен өндірістің алдыңғы қатарларын тәрбиеледі.