Бикен Римова атындағы Талдықорған қазақ драма театры

5/5

“Талдықорған облыстық қазақ драма театры” деген атпен 1975 жылы ұйымдастырылып, сол жылы 4 қарашада Ғабит Мүсіреповтің “Козы Корпеш – Баян сұлу” трагедиясымен тұңғыш рет шымылдығын ашты. Театр труппасы режиссер Мұхтар Қамбаровтың жетекшілігімен Алматы консерваториясының (казіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін (А. Базаргелдиев, А. Исаев, Ж.Р. Лебедев, Д. Мұсабеков, Ә. Оразбеков, Қ. Темірбаев, Ж. Шайкина, т.б.) және Қазақ академиялық драма театрының (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) студиясын (С.Нұрғалықов, т.б.) бітірушілерден құралды.

2000 жылы 31 тамызда театрға Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың есімі берілді.

Театрдың негізін салушылардың қатарында алғашқы директоры Қалмахан Бейсенбиев пен бас режиссері Мұхтар Қамбаровтың есімдері аталады. 2018 жылдың 31 қазанында театрдың жаңа ғимараты ашылды. Ашылу салтанаты VII “Қазақстан – Еуразия жүрегі” Орталық Азия халықтары театрының фестивальдеріне орай ұйымдастырылды. Театрдың жаңа ғимараты екі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы – 10 538 шаршы метр. Залдағы орын 510 көрерменге арналған.