«Талдықорған – Өскемен» тас жолынан Балқаш көліне дейінгі жол шомылу маусымы басталғанға дейін толық асфальтталып бітеді.

Қазіргі күні «Талдықорған – Өскемен» тас жолынан Лепсіге дейінгі 105 шақырымның 80%-і аяқталды. Қалған 15 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жол жиегінде 3 демалыс тұрағы болады. Олар да аяқталуға жақын.

Көлге дейін электр желілерін, ауыз су мен кәріз жүйелерін тарту маңызды. Осы орайда бірінші кезекте мердігер мекеме мамандары 35-тік электр желілерін тартты. Аралық станцияны толық құрастырып қойды. Ауыз су және кәріз желілерінің 48 шақырымын жүргізіп болды. Маусым айының 15-не дейін электр желілерінің құрылысын аяқтап, демалыс аумағындағы нысандарға электр қуатын беруді жоспарлауда.