Жетісу облысына 2 миллионнан астам турист келді
Туризм саласы-облыстың экономикалық дамуының негізгі бағыты. Жалпы мониторинг деректеріне сәйкес, 10 ай ішінде облысқа келген туристер саны 2 млн. адамға жетті, оның 1,5 миллионы Алакөл жағалауына келді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен брифинг барысында белгілі болды, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Спикердің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту мақсатында “Талдықорған – Өскемен” (287-615 км), “Үшарал-Достық” (180 км), “Лепсі – Балқаш жағалауы” (0-27 км), “Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай” (0-110 км) жолдары салынады Алакөл және Балқаш жағалауларына қарай 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар, “Алтынемел” асуындағы жолды күрделі жөндеу (45-68 км), “Сарыөзек – Көктал” (68-110 км) және “Көктал – Жаркент” (306-322 км) автожолдарын орташа жөндеу аяқталды. Өткен жылы Үшарал қаласының әуежайында күрделі жөндеу жүргізілді. Астана – Ақши бағыты бойынша “Тальго” пойызында қатынас ашылды. Бұдан басқа, келесі жылы Балқаш көлінің жағалауында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады (құны – 7,9 млрд.теңге, 2024 жылы – 2,1 млрд. теңге). 2025 жылдан бастап демалыс аймақтары мен қонақ үйлердің құрылысы басталады.
Сондай-ақ, экологиялық туризмді дамыту мақсатында ағымдағы жылы “Алтынемел” ұлттық паркінің аумағында құны 2 млрд.теңге болатын Визит-орталық салынды. Шаңғы-биатлон кешенін салу және Бурхан-бұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу бойынша жобалық құжаттама әзірленуде (ЛБК – 100 млн.теңге, Бурхан-бұлақ – 85,3 млн. теңге). Шоқан Уәлиханов мұражайына дейінгі жолдың 6,8 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді, мұражайды қайта жаңарту аяқталды. Сарқан ауданында Жасылкөл көліне дейінгі жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде (“Тополевка –Кордон жалаңаш” (20 км, 281 млн. тг.), “Кордон жалаңаш – Жасылкөл” (8 км, 150 млн. тг.).
– Нәтижесінде 2024-2025 жылдары облыс аумағында туризмді белсенді дамыту үшін барлық жағдай жасалатын болады, – деп түйіндеді Бейбіт Исабаев.