Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 15 жылдығы аталып өтті
Бүгін Сарқан жерінде ерекше экологиялық, ғылыми және тарихи мәні бар айтулы шара өтті – Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 15 жыл толуына арналған «Сиверс алмасы. Қазіргі жағдайы мен зерттеулердің маңыздылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ғылыми мекемелер, шетелдік және отандық зерттеушілер, сала ардагерлері мен парк қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиында Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Қанатұлы Маманбаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық табиғи парктің өңіріміз үшін маңыздылығына тоқталып, парк ұжымын айтулы мерекемен құттықтады.
Іс-шара барысында саланың дамуына үлес қосқан бірқатар парк қызметкерлері министрліктің Құрмет грамоталары және арнайы төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен қатар, парктің дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан ардагер қызметкерлерге мерейтойға арналған естелік төсбелгілер табысталды.
Парк құрылуының бастауында тұрған ғалымдар мен сала майталмандарына құрмет көрсетіліп, шапан жабу рәсімі өткізілді.
Жоңғар Алатауы – тек көркем табиғатымен емес, баға жетпес биологиялық әртүрлілігімен, соның ішінде Сиверс алмасы секілді әлемдік маңызы бар өсімдіктерімен құнды мекен.
Бұл мерейтой – табиғатты аялау мен келер ұрпаққа аманаттау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі.