Жетісу туризмі: 2025 жылға арналған жоспарлар
VISIT ZHETYSU басшысы Нуриев Жандос Маликович 2025 жылға арналған Жетісу туризмін дамыту жоспары туралы айтты.
2025 жылы аймақтың көрікті жерлеріне ақпараттық турлар ұйымдастырылады. Олардың қатарына Алакөл мен Балқаш көлдері, Жасылкөл мен Сарыбел таулы бағыттары, сондай-ақ джип-турлар мен атпен серуендеу маршруттары кіреді. Бұл турлар арқылы туроператорлар мен БАҚ өкілдері өңірдің туристік әлеуетін бағалай алады.
VISIT ZHETYSU өңірдің туристік мүмкіндіктерін ірі көрмелерде таныстырады. Атап айтқанда, Алматыдағы «KITF 2025» көрмесі мен басқа да халықаралық алаңдарда өңірдің туристік әлеуеті насихатталатын болады.
Ауқымды іс-шаралар жалғасады. Олардың ішінде қатарынан үшінші рет өтетін «SHAGAN FEST-2025» таулы фестивалі бар. Сонымен қатар, су туризмін дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске асырылады.
«Бұл жыл да алдыңғы жылдар сияқты қарқынды әрі жемісті болмақ. Біз өңірдегі туризмді дамыту бағытындағы белсенді жұмысымызды жалғастырамыз», – деп атап өтті Жандос Маликович.