Бүгін – біз үшін ерекше күн! Дәл осыдан 3 жыл бұрын өңіріміздің туризмін жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Жетісу» туристік ақпараттық орталығы өз жұмысын бастаған еді. Осы уақыт ішінде біз:

– Мыңдаған саяхатшыға Жетісудың терең тарихын, қайталанбас табиғатын, қонақжай халқын ашуға мүмкіндік жасадық;

– 100-ден астам турлар мен іс-шаралар ұйымдастырдық;

– «VISIT ZHETYSU»   брендін   қалыптастырып,   оны   шынайы   өңірлік   брендке айналдырдық;

– Фестивальдар мен экспедициялар, әлеуметтік жобалар мен бастамалар арқылы елдің назарын аймағымызға аудардық;

– 30-дан астам ақпараттық және   пресс-тур  ұйымдастырып,  журналистер  мен блогерлерді тарту арқылы, Жетісуды өңірден тыс жерлерге кеңінен таныттық;

– Ұлттық және   халықаралық туристік   көрмелерде  өңірімізді  лайықты  түрде таныстырып, әлем назарына ұсындық;

– Этнотуризмнен бастап экотуризм мен белсенді демалыс бағыттарына дейін жаңа өнімдер әзірлеп, туристерге сан алуан таңдау мүмкіндігін ұсындық;

– Балаларға, әлеуметтік әлжуаз топтарға және инклюзивті туризм бағытында да нақты қадамдар жасап, туризмнің баршаға ортақ екенін көрсеттік;

– Промо-кампаниялар мен заманауи медиа-жобалар арқылы Жетісудың имиджін жаңартып, оны заманауи, серпінді, ашық өңір ретінде қалыптастырдық;

– Бизнес пен мәдениет саласының серіктестерімен ортақ қадам жасап, жүйелі даму бағытына бет бұрдық.

Мұның бәрі Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында мүмкін болды. Бұл – тек бастамасы. Алда жаңа белестер, тың идеялар мен шабыт сыйлайтын жобалар күтіп тұр!